— Сұлтан, өзіңіз туралы қысқаша айта кетсеңіз. Қай жерде дүниеге келдіңіз? Футболмен неше жастан бастап айналысасыз? Қандай тәлімгерден сабақ алдыңыз?
— Мен Астана қаласында дүниге келдім, «Наша Кампания» футбол клубының түлегімін. Менің алғашқы бапкерім Кенетаев Сәбит Оралбекұлы. Футболмен 9 жастан бастап айналысамын.
— Спорттың басқа түрінде өзіңізді сынап көрдіңіз бе? Неліктен футболды таңдадыңыз?
— Спорттың басқа түрлерімен айналысқан жоқпын. Бала кезден ағаларымның футбол ойнағанын көріп, солар сияқты болғым келді (күледі).
— Сіз 20 жасыңызда ҚПЛ деңгейінде үш клуб сапында ойнап үлгердіңіз. Саяхат жасағанды ұнатасыз ба?
— Мен үшін Премьер-Лига деңгейінде үш түрлі ұжым сапында ойнау - үлкен тәжірибе. Барған жерімнің бәрінде мені өте жақсы қабылдады. Сондықтан барлығына өз ризашылығымды білдіремін.
— Сіз өткен маусымда «Ертіс» сапында жалда жүріп, Премьер-Лигадағы алғашқы голыңызды соқтыңыз. Бұл клубтың ел чемпионатынан шығып қалуы Сізге қалай әсер етті?
— Иә, бұл жағдай менің көңіл-күйімді түсіргені анық. «Ертіс» — тарихы мол өте үлкен клуб. Осылай болып қалғаны, өте өкінішті...
— Сіз осы маусымды «Каспий» сапында бастап, ақтаулық команда құрамында ҚПЛ аясында 3 ойынның екеуінде алаңға шықтыңыз. Жалға беру мерзімін ұзарту ойыңызда болған жоқ па?
— Менің келісімшартымда трансферлік терезе кезінде «Астана» мені өз құрамына жалдан қайтарып ала алатын арнайы бөлім болған. Сондықтан, оны мен шешкен жоқпын. Мен «Астананың» ойыншысымын. Клуб басшылығы осындай шешім қабылдады. «Каспий» футбол клубына маған артқан сенімдері үшін, жанкүйерлеріне қолдаулары үшін алғыс айтамын.
— «Каспийдің» бірқатар ойыншылары COVID-19-бен ауырып шыққанынан хабардармыз. Осы жағдайдан кейін вирустан қорғану шаралары күшейтілді ме?
— Иә, команданың жартысы ауырып шықты. Әрине, қорғанысқа қатаң көңіл бөлінді. Барлық талаптарды сақтадық.
— Жазғы үзіліс кезінде ешқандай клубқа жалға кетіп қалмайсыз ба? «Астана» құрамында ойнауға лайықты екендігіңізді дәлелдеуге дайынсыз ба?
— Мен оны нақты айта алмаймын. Барлығын уақыт көрсетеді. Әрине, қолдан келгенше «Астана» сапында қалып, өзімді дәлелдеуге тырысамын.
— Елорда командасы сапында негізгі құрамда ойнауға өзіңізді лайықтымын деп ойлайсыз ба?
— Мен қаншалықты дайын екенімді бапкерлер құрамы шешеді. Бұл туралы сол кісілерден сұрау қажет (күледі).
— Осы жылы команда жетінші чемпиондыққа қол жеткізе ала ма?
— Қолдан келгенше барлығын, яғни чемпионатты және ел Кубогын жеңуге тырысамыз.
— Футболда өз алдыңызға қандай жоғары мақсат қоясыз?
— Ең алдымен Қазақстанда қандай да бір жетістікке жету қажет. Бірақ, алдағы уақытта еуропаның үздік біріншіліктерінде ойнасам деген мақсатым бар. Ол үшін әлі көп еңбектену қажет (күледі).