Аталған турнир Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды.
Турнирдің ашылу салтанатында Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Құстүтінұлы Байжанов, Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының Спорт директоры Павел Станиславович Демьян және «Астана» футбол клубының Бас директоры Тастанбек Құтжанұлы Есентаев сөз сөйлеп, ел болашағы – жастарға тілегін арнады. Ал құрметті қонақтар тізімінде негізгі құрам ойыншылары: Исламбек Қуат, Рамазан Кәрімов және Мәди Жақыпбаев болды.
Ресми бөлімнен кейін 11 команда ойынға кірісті. Турнирге қатысушылар арасында қазақ футболында есімі көпке мәлім Қайрат Нұрдәулетов пен Мұрат Тілешов болса, «12 Ойыншы» мен «Old Boys» фан-клуб жанкүйерлері де бір топқа бірігіп, турнирдің көркін қыздырды. Одан бөлек, трибунада жиналған қауым арасында «Астана» футбол клубының кәдесыйлары мен түрлі сыйлықтар ойнатылды.
Турнирдің жабылу салтанаты кезінде «Астана» футбол орталығының 2003 жылғы түлектері марапатталды. Еске салсақ, 2003-2004 жылғы жасөспірімдер командасы биыл ел чемпионы атанып, келер жылы УЕФА Жасөспірімдер лигасына жолдама алған болатын.
Серіктестер мен демеушілер ұсынған сертификаттар мен естелік сыйлықтар турнирге қатысқан жандарға табысталды. «Астана футбол клубы серіктестерге: Yokohama Қазақстан, Dr. Web компаниясы, MTEX, Copa.kz, ASU Waters, Astana Marriot Hotel және Okadzaki ресторандар жүйесіне алғыс білдіреді.
Клуб пен ата-аналар арасында байланыс орнатуға бағытталған бұл турнирге белсене қатысқан футбол орталығының ата-аналар командаларына арнайы дипломдар табысталды. Бастысы, турнир соңында әр команданың атынан сөз сөйлеген қатысушы турнирден алған әсерімен бөлісіп, осындай турнирдің ұйымдастырылуы маңызды екенін тілге тиек етті.
Турнирге қатысқан әр жанға «Астана» футбол клубы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған бірлігі мен бір отбасыдай жұмылып, игі шараға атсалысқаны үшін алғыс жолдап, болашақта осындай іс-шаралардың клуб тарихында жалғасын табатынына сенім білдіреді.