Құрама командалардың ойындарына байланысты қысқа мерзімді үзілістен кейін, Қазақстан Чемпионаты 11 қыркүйек күні екі ойынмен қайта жалғасады.
«Астана» өзінің келесі кездесуін 12 қыркүйек күні қонақта «Ордабасыға» қарсы өткізеді.
Екі ұжым өзара наурыз айында кездесіп, Сергей Хижниченко соққан голға, астаналықтар тарапынан Алексей Щеткин гол соғып жауап қайтарған болатын.
«Астана» және «Ордабасы» командалары өзара осыған дейін 36 ойын өткізсе, соның 21-де елорда командасы жеңіске жетіп, 7 ойын тең аяқталып, 8 кездесуде шымкенттіктер басым түскен.
Екі ұжым арасындағы ойындар жиі нәтижелі өтеді. 36 ойында командалар екеуара 98 гол соққан (60:38 «Астана» еншісінде). Бұл дегеніңіз, бір ойында орташа есеппен үш голдан сәл ғана аз дегенді білдіреді.
Голдар саны бойынша ең есте қалған ойын 2017 жылы өтті. Ол кезде «Астана» командасы Қазақстанның оңтүстістігінен келген қонақтарды 5:3 есебімен жеңді. Аталмыш кездесуде «Астана» сапынан Алексей Щеткин, Джордже Деспотович, Дмитрий Шомко бір голдан соқса, Роман Муртазаев дубль авторы атанған болатын.
Бұл командалардың қыркүйектегі ойыны Талғардағы құрама командалардың базасы алаңында өтеді. Ойынның басталуы: 15:00-де. Тікелей көрсетілім Qazsport арнасында.