Қазақстан құрамасының қорғаушысы Юрий Логвиненко «Астана» құрамында бес жыл болғаннан кейін командадан кетіп, Ресей Премьер-Лигасына аттанды.
Жаңа клубпен жасалған келісімшартқа қол қойылғаннан кейін, Юрий өз эмоцияларын астаналық баспасөз қызметімен бөлісті:
- 2016 жылы мен «Астана» командасына ауысқан кезде, менің басты міндетім Еурокубоктардың топтық кезеңінің бәсекелес ортасында өз күшімді сынап көру болды деп айтқан болатынмын және Еуропа Лигасының негізгі төрт кезеңінде, сондай-ақ осы турнирдің 1/16 финалында ойнап, айтқанымды орындадым.
Бастапқыда мен жылдық келісімшартқа қол қойдым, бірақ соңында клуб құрамында 5 жыл болдым. «Астана» командасына, клуб басшылығына, қызметкерлерге және жанкүйерлерге көрсеткен қолдаулары үшін, ұмытылмас эмоциялары мен алған тәжірибем үшін алғыс білдіремін.
Қазір мен үшін жаңадан әрекет ету уақыты келді деп ойлаймын, сол себепті мені Ресей Чемпионатына ауысу қызықтырады.
Сондай-ақ, клубтан ауысып кетуіме қарамастан, қалпымды сақтап қалу үшін Нұр-Сұлтандағы алғашқы жиында командамен бірге жаттығу мүмкіндігін бергені үшін клуб басшылығына алғыс айтқым келеді.
«Астана» командасына босаған позицияның орнын толықтыруды, ал жанкүйерлерге шыдамдылық тілеймін, елордалық клуб жақын арада өз жанкүйерлерін тағы да жеңістерімен қуантатынына сенімдімін.