kz

RU
KZ
Юрий Перцух: «Дәрігерлерге, медбикелерге, барлық медициналық қызметкерлерге және осы аурумен күресіп жатқан жандарға олардың баға жетпес еңбегі үшін алғыс айтқым келеді!»
29 нау 2020

«Астана» және Қазақстан Ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Юрий Перцух KazFootball.kz сайтының тілшісіне сұхбат беріп, карантин уақытында немен айналысып жатқандығын, өзінің үздік фильмдері жайлы және «Каспийге» (3:2) қарсы өткен кездесу туралы айтып берді:
- Қазіргі уақытта үйдемін. Мүмкіндігінше карантин жағдайында жаттығып жатырмын. Бізге бапкерлер құрамы таратқан жекелей жүктемелерді барынша орындауға тырысудамын. Қазір алаңда жаттығатын мүмкіндік жоқ, сондықтан үйде дайындалып, барынша өз бабымды жоғалтып алмауға тура келеді.
- Жаттығудан тыс немен айналысып жатсың?
- Қазір бір жаққа шығу мүмкін емес, сондықтан бос уақытымды үйде өткізіп жатырмын. Қалыңдығыммен үйде кино қараймыз.
- Қандай фильмдерді көруге кеңес бересіз?
- Менің бес үздік фильмім: «Загадочная история Бенджамина Баттона», «Интерстеллар», «Остров проклятых», «Начало» және «Поймай меня, если сможешь». Осы фильмдерді көруге кеңес беремін!
- Ал футбол ше? Кейбір ойындардың жазбаларын немесе Беларусь Лигасын бақылап жатқан жоқсың ба?
- Шынымды айтсам, ештеңе де қарап жатқан жоқпын. Қазір барлық жаңалықтар карантин, ауырғандар саны туралы болғандықтан, ойдың бәрі сол жақта.
- Орын алған карантиннің оң жақтары туралы не айтасыз? Теріс жағы айтпаса да түсінікті ғой.
- Оң жағы, мүмкін, ғаламдық тұрғыдан алғанда. Шынымды айтсам, соңғы кездері карантиннің қоршаған ортаға барынша әсер етіп жатқандығы туралы ойланып жүрмін. Табиғат кішігірім демалып, экология жақсарып қалды. Осындай ойлар аз да болса оң эмоциялар сыйлауда.
- Біздің футбол карантинге кеткенге дейін, Премьер-Лиганың үш кездесуі өтіп үлгерді. Соңғы Ақтауда өткен ойын оңай болды дей алмаймын.
- Мен ол ойынды қосалқы құрамда отырып бақыладым. Бірінші таймнан кейін 0:3 есебі тіркеліп, ойынның екінші бөлігінде жігіттер босаңсып кетті. Сол үшін де «Каспий» футболшылары бізді аздап тығырыққа тіреді десем болады. Чемпионат басталмай жатып тоқтағандықтан, қандай да бір баға берудің өзі қиын.
- Михал Билек «Астана» тізгінін ұстады. Оның клубтағы ұстанымы мен құрамадағы талабының арасында айырмашылық бар ма?
- Біз оның бапкерлік саясаты мен талаптарын құрама сапынан жақсы білеміз. Сондықтан, жеке мен үшін ерекше бір өзгешелік болған жоқ. Ең бастысы, ойыншылармен алаңда өзара түсінісіп, бізге жүктелген міндеттерді орындау. Бірақ бір қиыны, маусым енді басталғанда, қайта тоқтады. Енді карантинде отырамыз, әрі қарай не болатынын білмейміз.
- Жанкүйерлерге айтар тілегің бар ма?
- Бірінші кезекте дәрігерлерге, медбикелерге, барлық медициналық қызметкерлерге және осы аурумен күресіп жатқан жандарға олардың баға жетпес еңбегі үшін алғыс айтқым келеді! Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, кеше ғана төрт жылдықтарын атап өткен біздің «12-ші ойыншы» жанкүйерлер тобын шын жүректен құттықтағым келеді. Сіздердің қолдауларыңыз үшін ерекше алғыс айтып, барлық жақсылықты тілегім келеді. Сондай-ақ, барлық қазақстандықтарды шыдамдылыққа және үйде болуға шақырамын!
 

Бас серіктес