Клубтың қаржылық «fair-play» шарттарын орындамағаны, яғни 2019-2021 жылдар арасында кредиттік берешегінің болуы себепті 2021 жылы 3 желтоқсанда УЕФА Қаржылық бақылау органы «Астана» футбол клубына 150 000 еуро көлемінде айыппұл салу түрінде шешім қабылдаған болатын.
УЕФА жүргізген аудитке сәйкес, уақытылы төленбеген кредиттік берешек рецидивті деп танылды, яғни 2019 жылдан бері бірнеше рет қайталанған. Осы себепті клубқа ең жоғары жаза тағайындалуы мүмкін еді: УЕФА өткізетін халықаралық жарыстардан 3 жылға шеттету, 3 000 000 еуро көлемінде айыппұл салу.
Ағымдағы жылдың тамыз-қараша айлары арасында клуб берешекті өтеуді оңтайландыру жолдарын қарастырып, екіжақты келіссөздер арқасында көлемін қысқартуға қол жеткізіп, шығын көлемін барынша азайтып, қарыз мәселесін толығымен шешті.
Клубтың Еурокубок турнирлеріне қатысу мүмкіндігін сақтап, УЕФА салған айыппұл санкцияларын барынша төмендетіліп, трансфердік тыйым мәселесі оңтайлы шешімін тапты. УЕФА-ның бар ұйғарымы уақытылы орындалып, кредиттік берешектің барлығы кестеге сай төленетін болады.
Болашаққа сеніммен қадам басқан «Астана» футбол клубы жаңа маусымға дайындық жұмыстарына қызу кірісіп те кетті. Бастысы, алып-қашты әңгімеме емес, клубтың ресми дереккөздерінде жарияланатын ақпаратқа сенгеніңіз жөн.