Черногориядан келген орталық жартылай қорғаушы Жарко Томашевичтің ойынын қазақстандық жанкүйерлер мен футбол мамандары толықтай бағалап үлгерген жоқ. Балқандық ойыншы«Астана» сапына қосылғанына көп уақыт өтпей-ақ ауыр жарақат алып, келесі маусымға дейін қатардан шығып қалған еді. Сондай-ақ жаңа маусым бастала сала, короновирус пандемиясына байланысты ішкі біріншілік те тоқтап қалды. Осы орайда,Sports.kzреспубликалықинтернет-порталының тілшісі Жарко Томшевичпен тілдесіп, арнайы сұхбат алған еді:
— Жарко, Нұр-Сұлтан қаласында карантин уақытыңызды қалай өткізіп жатырсыз?
— Қоғамдағы адамдармен бір толқындамын. Команда құрамындағы бірнеше ойыншымен қонақ үйде тұрып жатырмыз. Ол жерде бізге жаттығу жұмыстарын өткеруге мүмкіндік жасалған. Біз бапкерлер құрамының берген тапсырмаларын орындап, чемпионат жалғасқан уақытта өз бабымызда болу үшін еңбектеніп жатырмыз. Әрине, команда, жасыл алаңдағы доппен жұмыс жетіспейді. Бірақ, дәл қазір барлық әлем осындай жағдайда. Жалпы алғанда, уақытты әдеттегідей өткіземіз: ұйқы, тамақ, жаттығу, бейне ойындар, әрі өзара әңгіме. Барлығы тез аяқталғанын асыға күтудеміз.
— Черногорияда короновирус жағдайы қалай?
— Черноргияда әлем елдерімен салыстырғанда бұл ауруды жұқтырғандар саны өте аз. Біздің ел басқалармен салытырғанда тығыз орналаспаған мемлекет екенін айта кеткен жөн. Дегенмен, бұл індет Черногорияны да айналып өткен жоқ. Аурудың алдын алу үшін бізде мектептер, ірі сауда орталықтары жабылды, қоғамдық көлік тоқтады. Мемлекет басшылығы короновирус белең алмас үшін қолдан келгеннің барлығын жасап жатыр. Мен жақын арада Қазақстанда да, Черногорияда да індет азаяды деп үміттенемін.
— Сіз туған еліңізге коронавируспен күреске 20 мың еуро аудардыңыз. Мұндай шешімге келуіңіздің себебі неде?
— Мен өз елімді жақсы көремін және оның ұлттық құрамасында өнер көрсетемін. Сондықтан бұл дұрыс қадам болады деп шештім. Бұл ақшаны менің туған Плевля қаласындағы госпитальға жібердім, бұл ақша көмектеседі деп үміттенемін.
— Бұл жағдайда өзіңізді қалай сезінесіз?
— Әрине, жақындарымды сағындым. Үш күн бұрын менің екінші ұлым дүниеге келді. Бірақ біз бұл жағдайда ештеңе істей алмаймыз, - тек қана күтуге тура келеді. Алдағы уақытта мұның бәрі аяқталып, біз өзіміздің қалыпты өмір салтымызға ораламыз деп үміттенемін.
— Пандемия туралы қандай пікірдесіз? Бұл қаншалықты ұзаққа созылуы мүмкін?
— Өкінішке қарай, бұл жағдайдың қаншалықты ұзаққа жалғасатынын ешкім білмейді. Бірақ, бүкіл әлем қазір осы үлкен проблеманың төңірегінде топтасқаны қуантады. Мен жақын арада осы ауруды жеңетінімізге сенімдімін.
— Қалай ойлайсыз, 2020 жылғы Қазақстан чемпионаты соңына дейін жалғаса ма? Және де Чемпиондар Лигасы мен Еуропа Лигасы турнирі жалғасын таба ма?
— Менің ойымша чемпионат міндетті түрде жалғасын тауып, соңына дейін өтеді. Бірақ, оның қандай форматта жалғасатынын нақты айта алмаймын. Соңғы жаңалықтарға сүйенетін болсақ, Белгия чемпионатынан басқалары соңына дейін өтеді деген ақпарат бар. Қазақстан да бұл қатардан қалмақ емес. Бірақ, біздің жағдай Еуропамен салыстырғанда өзгеше. Оларда чемпионат аяқталып жатса, біз небәрі үш ойын ғана өткізіп үлгердік. Ал еурокубоктарға келер болсақ, УЕФА Чемпиондар Лигасы мен Еуропа Лигасының күндерін жылжытты. Тоқтату туралы мүлде ой жоқ. Біз осы жылы міндетті түрде Чемпиондар Лигасы кездесулерінің атмосферасын сезінеміз деген ойдамын. Біздің клуб және жанкүйерлер оған толықтай лайықты.
— Сіздің ойыңызша, «Астана» өткен жылмен салыстырғанда күшейді деуге бола ма?
— «Астана» — жылдан жылға ілгері дамып келе жатқан үлкен клуб. Клуб өз көшбасшыларын сақтап қана қоймай, құрамына мықты орындаушыларды қосты. Сондықтан, команда құрамы күшейді деуге толық негіз бар. Енді оны жасыл алаңда дәлелдеуіміз қажет.
— Қазақстандық футбол жанкүйерлеріне не айтасыз?
— Өкінішке қарай, жанкүйерлер жарақатыма байланысты менің ойынымды бағалай алған жоқ. Сондықтан, біз осы маусымда жақынырақ танысамыз деген ойдамын. Мен өзімді барынша жақсы қырымнан дәлелдейтін боламын.