«Астана-М» командасының бас бапкері Әли Әлиев №8 БЖМОРСМ (6:1) командасымен өткен ойынға байланысты пікірін білдірді.
– Ойынға жоғары деңгейдегі дайындықты өткізгені үшін бүкіл бапкерлер құрамы мен әкімшілік штабқа, сондай-ақ, біраз уақыт үзілістен кейін осы ойынға тыңғылықты дайындалып, толығымен беріліп ойнағаны үшін жігіттерге алғысым шексіз. Кей сәттерде нүкте қоюға салқынқандылық жетіспеді, дегенмен жігіттердің жүз пайыз дайын болғандығын ойын көрсетті.
– Алда «Жеңіспен» болатын маусымның ақтық ойыны күтіп тұр, оның үстіне бұл елордалық дерби. Ойынға дайындалып, маусымды әдемі аяқтау қаншалықты қажет?
– Біз алғаш қауышып, танысқан күнімізден бері әлсіз немесе мықты қарсылас болмайды деп серттескен болатынбыз, мейлі бұл дерби, жолдастық кездесу немесе негізгі құраммен бақылау матчы болсын. Біз алаңға шығып, алдымызға қойылған мақсаттарымызды 100%-ға орындаймыз. Шынымды айтсам, алдағы қарсыласымыз «Жеңіс» – керемет жанкүйерлері бар мығым команда, сондықтан маусым соңы стадиондағы тамаша футбол атмосферасымен ұштасқан әдемі кездесу болатыны сөзсіз. Біздің жігіттер осындай матчта нағыз футбол атмосферасын сезініп, өздерін қалай көрсететінін көретін боламыз. Барлықтарыңызды тағы да жеңіспен құттықтаймын!