kz

RU
KZ
Бабаян – «Алтайға» қарсы матч туралы
«Астананың» бас бапкері Григорий Бабаян Премьер-лиганың 12-туры аясындағы «Алтайға» қарсы матчқа пікір білдірді.
18:30, 27 мам 2026

– Матч алдында бірқатар қиындықтарға тап болдық. Үш бірдей тірек жартылай қорғаушымыздың бірі сары қағаздарға байланысты ойынды өткізіп алды, бірі ұлттық құрамаға кетті, тағы бірі жарақат алды. Оның үстіне матчтың басында тағы бір мәселе туындады – Бартолец ауыр соққы алып қалды. Оның қанша уақытқа дейін шыдай алатынын нақты білмедік. Барлығы бірінің үстіне бірі қосылды. Үзілісте Нұралы Жақсылық та ауыстыру сұрады, белгілі бір жайсыздық сезінгенін айтты. Өзіміздің құрам онсыз да шағын, ал мұндай жағдайлар оны одан әрі қиындата түседі.

Соған қарамастан жігіттер барын салды, соңына дейін күресті. Жігіттерге ризамын. «Алтайды» да атап өту керек – өте ұйымшыл команда, күшке негізделген футбол ойнайды. Матч алдында алаң жайлы сөйлестік. Жаңа алаң екені көрініп тұр, адамдар барынша тырысып жатыр: суарып, тарақтап дайындаған. Бірақ үгінді тым көп болды. Мұндай алаңда жанкүйерлерге ұнайтын жылдам әрі сапалы футбол көрсету қиын. Меніңше, мұндай ойыннан көрермендерге де ләззат алу оңай емес, өйткені қарқын баяулайды, ойын жиі тоқтайды және күштік күрес өте көп болады.

Сондықтан біз де әдеттегі футболымызды көрсете алмадық, бірақ мұны алдын ала түсіндік. Бұл жерде мінездің арқасында гол соқтық, ең бастысы – өткізіп алмау еді. Жалпы алғанда, жақсы, тартысты матч өтті.

Үзіліс алдындағы соңғы ойын болғандықтан, ұлттық құрамаларға аттанған барлық футболшыларға, әсіресе Қазақстан құрамасына сәттілік тілегім келеді. Жолдастық кездесулерде жеңіске жетіп, клубтарына аман-есен оралсын.

Бас серіктес