– Біз шамамен осындай матчқа дайындалған едік, «Оқжетпестің» өз алаңына бейімделгенін түсіндік. Өкінішке қарай, мұнда біз жақсы көретін футболды көрсету қиын. Бүгін қолданған схемамен ойнауға тура келді. Олардың бойшаң футболшылары көп болғандықтан, күшке негізделген футболға, стандартты жағдайларға басымдық беретінін білдік. Айып алаңында қысым болатыны түсінікті еді, кез келген бұрыштама мен аут сол жаққа бағытталатынын білдік. Голды да солай жіберіп алдық, қарап үлгермедік. Бірақ, менің ойымша, осындай нашар алаңға қарамастан, мұнда ойнау қиын болса да, біз футбол ойнауға тырыстық, сәттер жасадық, шабуылға шығу мүмкіндіктеріміз де көп болды.
Егер қызыл қағаз болмағанда, қысымды күшейтіп, ойынды өзгерте алатындай сезім болды. Бұл жерде жігіттерге құрмет көрсету керек: олар соңына дейін күресті, он адам болып ойынды қайтаруға тырысты. Есепті теңестіру үшін барын салды. Бірақ, өкінішке қарай, сәл ғана сәттілік жетіспеді.
Біздің жағдайымызды бәрі де біледі деп ойлаймын. Біз ұзақ уақыт бойы үнсіз жүрдік, ештеңе айтпадық. Осы ойынның алдында бізге назар аударады деп күттік, өйткені футболшылардың басым бөлігі 100 мың теңгеге ойнап жүр. Бұл қалыпты жағдай емес. Мұндай нәрсе Қазақстан футболында еш жерде жоқ. Команда капитаны Томасовтың өзі осындай сомаға шығып ойнайды, мұндайда мотивацияны қайдан табады? Біз бірдеңе өзгереді деп күттік, бірақ қор бізге қазіргі футболшыларымызбен келісімшартқа отыруға тыйым салды. Сондықтан олар тиын-тебенге ойнап жүр. Осындай жағдайда олардың әлі де алаңға шығып жүргенінің өзіне құрмет көрсету керек. Сондықтан мен қазір футболшыларды сынамаймын, өйткені біз тұрған жағдайда дәл осылай ойнау, соңына дейін күресу, алаңда бар күшін қалдыру – шынымен де үлкен құрметке лайық нәрсе. Ал сіздердің командаңызды жеңісімен құттықтаймын. Жанкүйерлер жарады, атмосфера керемет болды. Мұнда болып, осының бәрін сезіну жағымды болды. Жанкүйерлердің қазір футболмен өмір сүріп жүргені көрініп тұр. Жеңістеріңізбен құттықтаймын.