- Мен өзімнің тамақты сақтауда соншалықты талантты екенімді осыған дейін білген жоқпын. Бұл маған ас үйде аз уақыт өткізуіме өз көмегін тигізіп жатыр. Қазір отбасым Белградта. Олар күн жылынғанда осы жаққа келуі керек болған, енді жағдайдың тынышталғанын күтеміз. Одан кейін міндетті түрде бірге боламыз. Осы жақта бұрыннан ойнап келе жатқан Эрич екеуміз тамақ дайындаудағы міндеттерді өзара бөлісіп алдық. Қалада аталмыш ауруды жұқтырғандар саны көп болғандықтан, Алматы сияқты бұл жақта да төтенше жағдай енгізілді. Дүкендер мен дәріханалардан басқа ешқандай жер жұмыс жасамайды. Мен төрт күн сайын өз қажеттілігім үшін сыртқа шығып тұрамын. Сауда орталықтары, мейрамханалар барлығы жабық. Адамдар барынша ережелерді сақтап жатыр.
- Команданың маусымға жоспары туралы айтып берсеңіз.
- Михал Билек Қазақстан ұлттық құрамасы мен "Астана" тізгінін қатар ұстап жүрген маман. Команда құрамына Сотириу сияқты мықты шабуылшы келді. Ол үшін "Копенгагенге" қомақты қаржы төленді. Біздің мақсатымыз - Чемпиондар Лигасына өтіп, үйдегі екі титулды жеңіп алу.
- Қазақстан чемпионатында сербиялық ойыншылар көп пе?
- Қазақстанның сексен пайыз клубтарында Балқан түбегі елдерінің ойыншылары бар. Ал сербиялық ойыншылардан ұзақ жылдар бойы "Астана" намысын қорғап жүрген Ненад Эрич, және де он жылдан астам осында ойнап жүрген, қазір "Ордабасы" клубында ойнайтын Симчевич сияқты футболшылар бар.