– Бар жағынан алғанда өте ауыр ойын болды. Жанкүйерлер бізге үйреншікті әрі көптен бері сезінбеген атмосфераны жасады. Қазақстанда ондай атмосфераны сирек кездестіруге болады. Сондықтан алғашқы 20 минутта қысым болды. Біз «Ақтөбе» бізге қысым көрсететін білдік. Алаң жұмсақ, аздап жаңбыр жауды. Ойын ауырға соқты. Екінші таймда сәл бейімделдік, екі жаққа да қауіпті шабуылдар жасалған ойын болды. Қауіпті сәттер бізде де, қарсыласта да болды. Гол соға алдық. Үзіліс кезінде әрқайсысы екінші таймда ойынды күшейтуі керек екенін айттық. Бірінші таймда көп қажетсіз қателік жіберілді, ал екінші таймда бәрін жақсарту керек болды. Жігіттер мені тыңдағанын мойындау керек. Алаңға ауысып шыққандар да жақсы ойнады. Бұл біз үшін өте маңызды жеңіс.
– «Астана» неге ойынның алғашқы минуттарында қиналады? «Оқжетпеспен» өткен кездесуде көпшілік кокшетаулық команданың құрамына қатысты сұрақ қойды, ал бүгін төрешілікке байланысты сын айтылуда. Мұндай желідегі пікірлерге мән бересіз бе?
– Бірінші сұрағыңызға келсек: командалар басқа қалаға бір күн бұрын келіп, алаңға бейімделуге, оның жағдайын сезінуге тырысады. Біз де кеше алаңға шықтық, бірақ ол екі ай бойы шаппағандай әсер қалдырды – шөптің биіктігі шамамен 30 сантиметр, белгі сызықтары да жоқ. Соның салдарынан жаттығу жоспарын шұғыл түрде өзгертуге тура келді. Бұл – тек бізге емес, жалпы қазақстандық футболға деген құрметсіздік. Бұндай жағдайды бұрын-соңды көрмегенбіз. Мұндай қарым-қатынас бізді ойын алдында одан сайын жігерлендіріп жіберді. Шын мәнінде, біз алаңда толыққанды жаттығу өткізе алмадық – кеше бір жағдай болды, бүгін мүлде басқа. Мұндай жағдайға жол берілмеуі тиіс. Бізге келген кез келген командаға «Астана Аренада» барлық жағдай жасаймыз, ешқандай кедергі келтірмейміз.
Енді екінші сұрағыңызға келсек: қазіргі кезде кез келген адам ойына келгенін жазып жүр. Мұндай жарияланымдар шыға сала, мен бірден ойыншыларды жинап: «Ол пікірлерге назар аудармаңдар. Бұл – «Оқжетпеске» қарсы өздеріңнің жеңістерің. Тамаша камбэк жасадыңдар, жарадыңдар. Қалған әңгімелерге көңіл бөлмеңдер, алда маңызды ойындар бар», – деп айттым. Сондықтан сіз айтып отырған мәселелер бізді мүлде алаңдатпайды. Біз тек өз ойынымызға, өз командамызға және алдымыздағы мақсаттарға назар аударамыз.
– Екінші таймда «Ақтөбе» бірнеше өткір қарсы шабуыл ұйымдастырды. Бұл неге байланысты? Жалпы, «Астанаға» сәттілік серік болды деуге бола ма?
– Сіздер де көрген боларсыздар, біз де бірнеше рет өткір шабуыл ұйымдастырдық. Алдыңғы шепте 4–5 қауіпті сәтіміз болды, оларды тиімді пайдалану қажет еді. Томасов өз мүмкіндігін іске асыра алмады, Камараға доп дәл жетпеді, Грипши де басқа шешім қабылдай алатын еді. Бұрын да айтқанымдай, бұл – қос тарап үшін де қауіпті шабуылдарға толы матч болды. Кейбір қателіктер алаңның сапасына байланысты болды деп ойлаймын. Жалпы, «Ақтөбенің» мүмкіндіктері бізден көп болды деп айта алмаймын. Қарсылас шабуылға шыққанға дейін біз өз сәттерімізді тиімді пайдаланып, есепті шешіп қоюымыз керек еді. Бізде нақты үш гол соғатын мүмкіндік болды.
– 70-минуттағы үш бірдей ойыншы алмастыру «Ақтөбе» соңғы ойындарда матч соңында шаршап қалады деген есеппен жасалды ма?
– Біз қанаттарда қысым күшейтуді, шабуыл әлеуетін арттыруды көздедік. Қарсылас тараптың қателіктері көбейіп жатқанын аңғардық. Ауыстырылған футболшыларға ерекше алғыс айтамын. Мысалы, Каримов – шабуылшы бола тұра, қорғаныста керемет жұмыс атқарды, көп күш жұмсады. Камара да барын салды. Томасов пен Камараға жеке бақылау қойылғаны анық байқалды. Грипши де допты ұстап тұрып, жақсы ойнады. Бұл ауыстырулар ойынды үдетіп, темпті ұстап тұру үшін өте қажет болды. Дәл сол ауыстырулардан кейін біз қанатпен шабуыл ұйымдастырып, Астанов пас берді. Нәтижесінде – пенальти алып, оны сәтті орындадық.
«Астана» футбол клубының бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ӘАҚ» АҚ
«Астана» футбол клубының серіктесі – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» КҚ