kz

RU
KZ
Ойыншылардан талап етемін
«Астананың» бас бапкері Григорий Бабаян «Атыраумен» өткен кездесу жайында:
27 сәу 2025

– Ойынның бірінші жартысы әдемі өтті, көп энергия жұмсадық және көптеген мүмкіндік жасалды. Егер осы 45 минутты алып қарасақ, бәрі ойдағыдай шықты деп айтуға болады. Қарсыластың айып алаңына кірген сайын, көзді жұмып қайда болса да тепкендей әсер қалды, шоғырлана білу жетіспеді. Бірінші таймда соншама мүмкіндік жасадық, егер бәрін голға айналдырсақ, ойынның нәтижесі шешілгендей еді.

Екінші таймда алғашқы 15-20 минутта позициялық ойын жүрді, ал кейін бізге гол соғып кетті. Соңғы 20 минутта ойынға өзгеріс енгізу үшін ауыстырулар жасадық, өзіміздің ойынымызға қайта оралуға тырыстық, себебі алаңда қарсыласқа көп нәрсеге мүмкіндік беріп қойдық. Қазір команданың өзін сұрасаңыз, олар ауа жетіспеді, ыстық, тұншығатындай жағдай болды, стадионның төбесін ашпады деп айтады. Әрине, миллион сылтау табуға болады, бірақ «Атырау» екінші гол соғып кетсе, бұл ойында ұпайды оп-оңай жоғалтып алуымыз мүмкін еді. Соңғы 20 минутта командадан біреуді ерекше атап өтуге келмейді, бәрі өте бәсең ойнады, өз ойынымыздан алыстап кеттік. Әрине, бұны зерттеу керек, нақты жұмыс жасалады, өйткені үш күннен кейін біз Атырауға ұшамыз, сырт алаңда ойнаймыз.

Басқа жағынан алғанда, жақсы тұстарына тоқталайын – бірінші таймда «Атыраудың» тығыз қорғанысын үшінші ойыншыға берілген пастар, шабуылды жылдам аудару, допты тез жеткізу арқылы бұзып өттік. Бірақ, әрине, гол соғу мәселесінде әлі де көп жұмыс істеу керек екенін айтқым келеді. Мұндай ойында соңында ұпай жоғалтып алу оңай.

 

– «Тұранмен» матчтан кейін сіз кейбір ойыншыларға сын айтқан едіңіз. Қазір команданың ойынында жақсару бар деп айта аласыз ба?
– Бірінші таймда жақсырақ болды, бірақ екінші таймда 3-4 ойыншы күресуден бас тартты. Қазір нақты есімдерін айтпаймын, бірақ қиын жағдай туындаған кезде біз беріле бастаймыз, өзімізге «жеңілдік» береміз, сол арқылы командамызға қиын жағдай туғызамыз. Бүгін аздап ротация жасадық, 1-2 позицияны өзгерттік, әрі қарай да ротация болады. Кім клуб үшін күрескісі келеді, сол ойнайды. Мұнда жұмыс істесең – ойнайсың, ал өткен жетістіктер үшін ешкім алаңға шықпауы керек. Сондықтан 3-4 ойыншыға қатысты менің үлкен талаптарым бар, ертең немесе арғы күні олармен сөйлесемін.

«Астана» футбол клубының бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ӘАҚ» АҚ

«Астана» футбол клубының серіктесі – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» КҚ

Бас серіктес