– Қарсылас команда чемпионатының деңгейін Қазақстан премьер-лигасымен салыстыра отырып баға берсеңіз?
– «Зимбру» – өз елінің бірнеше дүркін чемпионы атанған мықты команда. Жалпы, соңғы жылдары молдовалық футбол жақсы дамып келеді. «Шериф» үнемі еурокубоктарда ойнап жүр, ал өткен маусымда «Петрокуб» Конференциялар лигасында өнер көрсетті. Бұл командаларда легионерлер көп екенін білемін, әрі мұндай турнирлерде жеңіл қарсылас болмайтыны анық. Иә, біз Конференциялар лигасындағы қарсыласымызды білдік, бірақ қазір Қазақстан чемпионатының ойындары өтіп жатыр, сол себепті басымдықты ішкі ойындарға береміз. Қарсылас туралы ақпарат жинап жатырмыз, ал ойындар жақындаған кезде нақты талдау жасайтын боламыз.
– Екінші ойын шілденің соңына жоспарланған, сол кезде «Астана Аренада» Дженнифер Лопес өнер көрсетеді. Бұл жағдайға байланысты клуб қандай шешім қабылдамақ?
– Қазіргі уақытта біз «Зимбру» клубымен кездесулерді ауыстыру жөнінде келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Шілденің соңында «Астана Аренада» ойнау мүмкін болмағасын, алғашқы ойынды өз жанкүйерлеріміздің алдында үйде өткізіп, қарымта кездесуді Молдовада ойнағымыз келеді.