kz

RU
KZ
Григорий Бабаян: Бүгін үлкен мереке
«Астананың» бас бапкері – маусымашар матч туралы
03 нау 2025

– Біріншіден, 2025 жылғы маусымның басталуымен барлығын құттықтағым келеді. Бүгін үлкен мереке, көп көрермен куә болған ойын. Меніңше, бұл ішкі чемпионат үшін, бәлкім, рекорд болар. Стадионға жиналған 26 мың көрермен, керемет атмосфера, жанкүйерлерге рахмет.

Ойынға келер болсақ, бірінші таймда бізде сәл артықшылық болды, бір гол соқтық. Бірақ алаңдау да болды, әрине. Көп ұтымсыз сәттер болды, әсіресе қарапайым жағдайларда байқалды. Екінші таймда, менің айтқанымды бәрі тыңдаған жоқ сияқты, себебі бастапқы 30 минут ішінде қарсыластарға өте көп мүмкіндік бердік, олар бізге гол соғуды күткендей болдық. Ақыры гол жібердік, ал біз қайта гол соққанбыз, бірақ ол голды жоққа шығарды, офсайд болған сияқты. Жалпы, «Қайраттың» қазіргі кезде дайындығы бізден жақсырақ екенін айту керек, себебі олар өздерінің жиынын 14 ақпанға дейін аяқтаған болатын. Оларда Суперкубок ойыны болды, сондықтан олар сәл жылдам, аздап агрессивті болды. Бірақ маған ұнағаны ауыстыруға шыққан жігіттеріміздің ойыны болды. Соңғы 20 минутта олар агрессияны арттырды, бұл барлық төрт шабуылшының әрекеті. Біз үшін өте маңызды, ауыстырудан ойын өзгертуге, қақпамыздан алыстатуға мүмкіндік беретіндей болуымыз керек. Соңында Нұрәлі Жақсылық қақпаға гол соға алатын еді. Бірақ сәл жолв болмады, қақпаның теміріне тигенін көрдік. Жалпы алғанда, бірінші матчты қорытындылай келе, көп қобалжу болды, көп қателік мен күрес болды. Меніңше, бұндай ойын үшін есеп әділ.

– Сіздің командаңыз маусымға физикалық және психологиялық тұрғыда қаншалықты дайын?
– Біз әлі де дайындықты жалғастырып жатырмыз, бірінші турға толықтай үздік күйде келу оңай емес, бұған көптеген факторлар әсер етеді. Ең бастысы – «Қайрат» маусымға бізге қарағанда сәл жақсырақ дайындалды, олар жылдам қимылдады. Бізге әлі аздап уақыт керек, бірнеше турдан кейін толыққанды ойынымызды табамыз деп ойлаймын. Бірақ, қандай жағдай болмасын, күш жетпей жатқанда, сергектігіміз аз болған кезде, мен жігіттерге моральдық және жігерлік қасиеттерімізге сүйенуіміз керек екенін айттым. Бүгін біз кейбір эпизодтарда сәл босаңсып, «Қайратқа» өздерінің мықты тұстарында кеңістік беріп қойдық. Олар осы қарымта шабуылдардан қауіп тудырып, соққылар бағыттады. Мұндай қателіктерге жол беруге болмайды, бұл бағытта әлі де жұмыс істеуіміз керек.

– Команда өз құрамын сақтап, толық құрамда оқу-жаттығу жиындарынан өтті. Бұл ойыныңызға әсер ете ме?
– Біз осыған үміттенеміз, иә, жалпы дайындық барысы бізді қанағаттандырды. Әрине, біз әлі де алға жылжуымыз керек, мен бұған дейін де айтқанмын. Егер қобалжуды артқа тастап, өткен маусымның соңында бізде болған салқынқандылықты қайтарсақ, ойын ырғағын табамыз. Бізге физикалық формаға келу үшін көбірек жұмыс істеу керек. Бұл үшін уақыт қажет, ал көктемгі футбол әрдайым біршама шым-шытырық өтеді. Бірақ бұл ешқандай сылтау болмауы тиіс, біз келесі қадам жасауымыз керек және оны жылдамдатуымыз қажет.

– Ойынға 26 мың жанкүйер жиналды. Сіздің ойыңызша, бұл футболға деген сағыныш па, әлде матчтың атауы әсер етті ме?
– Жанкүйерлердің футболды сағынғаны анық, өйткені Суперкубокта да осындай қызу қызығушылық болды, бүгін де стадион лық толды. «Астана» мен «Қайрат» матчтары – бұл елдегі басты дербилердің бірі, екі астананың қарсыластығы. Бірақ біз «Қайратпен» көптеген ойын өткіздік, алайда мұндай көп жанкүйер болған емес. Сондықтан біз жанкүйерлердің стадионға оралатынына, осында ерекше атмосфера қалыптасатынына үміттенеміз. Бүгін біз екінші таймда оларды қуантуға тырыстық, олардың үйге көтеріңкі көңіл-күймен кеткенін қаладық. Бірақ ең бастысы – олардың қайта оралуы.

– Бүгін қақпада Сейсен ойнады. Бұл оның Қазақстан құрамасының кандидаты ретінде «Астанадағы» бірінші нөмірлі қақпашы екенін білдіре ме?
– Жоқ, әзірге бұл ештеңені білдірмейді. Бізде өте жақсы қақпашылар бар, Чондрич кез келген уақытта ойнауға дайын. Ал Сейсен бүгінгі ойыны арқылы алаңға шығуға лайықты екенін дәлелдеді. Бірақ айта кету керек, Чондрич соңғы үш күнде дене қызуымен жатып, жаттығуды өткізіп алды. Жалпы, біз бұл позиция үшін алаңдамаймыз. Бұл өте маңызды.

– Ұлттық құраманың ойыншысы Ян Вороговский бүгін оңтайлы ойынын көрсете алмады. Қазіргі формасы жайлы не айтасыз?
– Біріншіден, матчта, әсіресе оның қапталында, күрес өте көп болды. Яғни, оның көп күші қорғанысқа жұмсалды. Бірақ шабуылда да кейбір сәттер болды, біз үзіліс кезінде де айтқанымыздай, кейде айып алаңына пас беру керек кезде, ол шешім қабылдауға асықпады. Біз оған үнемі тезірек шешім қабылдау керек екенін айтамыз. Иә, ол формасын жинау үшін біраз уақыт қажет ететін ойыншылардың бірі, бірақ формасын жинаса, өте пайдалы болатынын білеміз. Қазір ол өз деңгейіне жеткен жоқ – бұл анық.

– Нұралы Жақсылықтың ойынға шығуы туралы сұрағым келіп тұр. Әдетте Марин Томасов бірінші болып алмастырылмайтын ойыншылардың бірі. Бұл оның жасына, физикалық дайындығына байланысты ма, әлде Нұралы Жақсылықтың прогресіне байланысты ма?
– Біріншіден, Нұралы оқу-жаттығу жиындарын өте жақсы өткізді. Ол негізгі құрамға кіруге жақын, көп еңбектенеді, алаңға үлкен ынтамен, агрессиямен шықты. Әрине, Томасовтың деңгейі өте жоғары, оның бүгін қандай гол соққанын қараңыз. Бірақ 65-минутта оның физикалық тұрғыда қиындық сезіне бастағаны байқалды, себебі ол қорғаныста көп жұмыс істеді, көп жүгірді, спринтерлік жүктемелер көп болды. Ал Нұралы өте жақсы қосылды. Біз қазір оны дұрыс бағытқа бағыттап, үйретіп жатырмыз. Оның «Астанада» ғана емес, басқа да мықты лигаларда ойнауға барлық мүмкіндігі бар. Біз оның мықты чемпионатқа кеткенін қалаймыз, өйткені ол – клубтың болашағы. Бірақ қазір оның дұрыс дамуы маңызды. Біз асықпаймыз, оған нақты уақыт береміз, біз не істеп жатқанымызды білеміз, ал ол бізді тыңдап, жұмыс істеуі керек.

– Трансферлер туралы сұрақ: тағы да жаңа ойыншылар қосыла ма? Қандай позицияларды күшейту керек деп ойлайсыз?
– Біз кем дегенде екі позицияны күшейткіміз келеді. Бізге орталық аймақты нығайту керек. Сонымен қатар, бізге тағы бір шабуылшы қажет. Қазір біз іздеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бірақ қазір сапалы еркін агенттерді табу өте қиын, ал бізде ойыншыны сатып алуға қаражат жоқ. Сондықтан бұл мәселе күрделі. Жазда жағдай жеңілірек болады, өйткені көптеген чемпионаттар аяқталады. Қазір, Еуропада маусым әлі жалғасып жатқанда, ойыншы алу өте қиын. Дегенмен, біз іздеуді жалғастырамыз. Бізде әлі шамамен бір ай уақыт бар. Бірақ біз барлық позицияда бәсекелестік болуы үшін команданы күшейтуді қалаймыз. Өйткені, бәсекелестік – бұл даму. Футболшылар бәсекелестікті сезінуі керек.

«Астана» футбол клубының бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ӘАҚ» АҚ

«Астана» футбол клубының серіктесі – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» КҚ

Бас серіктес