– Бұл осындай қарсыластан күткендей қиын ойын болды. Олар турнирлік кестенің төменгі жағында тұрғанымен, бүгінгі ойынының сапасына қарап, бұл олардың деңгейі емес деймін. Біз талдаған барлық матчта олар ешбір қарсыласынан кем түспеді. «Ордабасы» – өте мықты команда, оларды бағаламауға болмайды. Біз олардың артқа шегініп, ойынды баяулатуға тырысатынын, бізге кеңістік бермейтінін түсіндік. Белгілі бір деңгейде бұл оларға сәтті болды, иә, кеңістік көп болмады. Бірақ бізде 6–7 мүмкіндік болды. Өкінішке қарай, қарсы шабуыл кезінде бір гол өткізіп алдық. Міндетті емес, нашар ауысымдар болды, бұл туралы үзілісте айттық. Одан бөлек, оларда да екінші таймда бір анық мүмкіндік болды. Жалпы алғанда, есепті 3:1-ге дейін жеткізу керек еді – бұл ең аз деген нәтиже. Бізде Джеффри мен Каримов шешіп тастай алатын бірнеше сәттер болды. Өкінішке қарай, әзірге мүмкіндіктерді жүзеге асыру ақсап тұр. Бірақ бүгін жеңіске жеткеніміз жақсы. Құрамаға байланысты үзілістен кейін әлі де ойын ырғағы жетіспейді, бірақ жалпы нәтижеге көңіл толуы керек. Бүгін бізді қолдауға келген жанкүйерлерге алғыс айтамын.
– Рамазанның ойыны туралы не айта аласыз? Бүгін сәл әлсіз ойнаған сияқты.
– Рамазанға келсек: егер ол гол соққан болса, мен оны дәл осы кезеңде тамаша ойнады деп айтар едім. Себебі қалған сәттерде, жекпе-жектерде – ол бәрінен ұтымды болды, барлық допты сақтап қалды.
– Жазда команданы күшейту бойынша нақты жоспар бар ма? Қыста ешкім келген жоқ қой.
– Бізде қазірдің өзінде команданы қалай күшейту керек екені жайлы түсінік болды. Соңына дейін жұмыс істедік, үміттендік. Бірақ қазіргі жағдайымыз, қаржылық мүмкіндігіміз – біз қалаған ойыншыларды алуға мүмкіндік бермейді. Сан үшін ғана ойыншы алу – бұл біздің стиліміз емес. Әрине, тырыстық, бәрін жасадық, бірақ өкінішке орай, болмады. Бізде әлі де бос агенттерді алу үшін бір ай бар. Бірақ түсінікті жайт – егер қазір ол бос агент болса, сен оны алсаң, оны формаға келтіру үшін тағы 2–3 ай керек болады. Сондықтан қазір жазға бағытталамыз. Қандай позицияларды күшейту керек екенін білеміз. Белгілі бір ойыншылар бар, жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ тағы да – бәрі қаржыға байланысты. Қазіргі жағдай – өте қиын. Сол себепті кейбір ойыншыларды өз позицияларынан басқа жерге қоюға тура келеді. Өйткені аздап жетіспеушілік бар.
– Келесі сұрақ. Григорий Константинович, соңғы кездері негізгі құрамда Дмитрий Шомко ойнап жүр. Бұл Ян Вороговскийдің формасы төмен болғаннан ба, әлде басқа себеп бар ма?
– Жоқ. Мен бұған дейін айтқанмын – Янның денсаулығында мәселелер болды. Дима мүмкіндікті пайдаланды – қазір бар күшін салып, ойнап жүр. Өз орнын ешкімге беріп жатқан жоқ. Бұл – әділ ойын, бәрі шынайы. Кім жақсы ойнайды, кім толық беріліп жұмыс істейді – сол алаңға шығады. Сондықтан Диманы құрамға қоспауға еш себеп жоқ.
– Неге құрамада қазақстандық футболшылар аз? Сіз айттыңыз, Каримовта ойын тәжірибесі жоқ деп. Ал голды қайтіп соғады? Ол ойынға шықпайды, басқа қазақстандықтар да солай. Сіз біздің футболды қалай дамытпақсыз? Әлде бұл легионерлер чемпионаты ма?
– Біз командада ойыншыларды жергілікті немесе шетелдік деп бөлмейміз. Кез келген чемпионатты қараңыз – ондай бөлу бар ма? Футболшылар бар, және жасанды түрде біреуге артықшылық беруге болмайды. Футбол ондайды кешірмейді.
– Бұл дұрыс емес, сіз қателесесіз.
– Сіз сұрақ қойдыңыз – енді жауап беруге рұқсат етіңіз. Табиғи бәсеке футболда әрқашан болған. Ешқашан ешкімге жасанды түрде мүмкіндік беруге болмайды. Бәрі әділ күресте шешілуі керек. Біздің командада 20 футболшы бар. Бізде керемет ұжым. Мен шетелдік, жергілікті деп бөлмеймін. Маусым ұзақ, әркім өз мүмкіндігін алады. Егер ертең Каримов Чинедуден жақсы ойнайтын болса – ол алаңға шығады.
– Бірақ сұрақ мынада: Қазақстан чемпионаты ұлттық құрама үшін ойыншыларды дайындау керек емес пе? Біз легионерлерді құрамаға шақырмаймыз ғой?
– Мұның ұлттық құрамға не қатысы бар? Егер «Астана» ертең жеңілсе – сіз не дейсіз? Маған не айтасыз? Келесі сұрағыңыз қандай болады? «Жарайсың» дейсіз бе?
– Иә, «жарайсың» деймін.
– Жоқ, сіз қалай «жарайсың» дейсіз, егер мен жеңілсем? Ондайды қай елде көрдіңіз? Сіз сол баспасөз мәслихатына келдіңіз бе?
– Иә, мен келдім.
– Жоқ, меніңше, сіз басқа жерге келген сияқтысыз.
– Григорий Константинович, сәлеметсіз бе. Соңғы турларда құрамда өзгеріс жоқ. Команданың физикалық жағдайына не өзгеріс бар? Прогресс байқала ма?
– Иә, прогресс бар. Ұзақ үзіліс ұлттық құрамаларға байланысты бізге оң әсер етпеді. Мен айттым – командада 11 ойыншы болмады, біз жас ойыншылармен шағын топпен жаттықтық – бұл әрқашан қиын. Команданың қарқынын қайтару қажет. Тағы да уақыт керек. Бұл үзілісті толтыру қиын. Команда жақсы формаға келгенде – бұл үзіліс бәрін тежеп тастады. Бірақ қазір команда дайындалып жатыр, жұмыс істеп жатыр. Көрсеткіштерге қарап, біз өзіміздің ең жақсы деңгейімізге жақындап келеміз деп айта аламын. Тағы да бірнеше тур керек.
– Келесі Қазақстан Кубогы матчында ротация бола ма?
– Әрине, ротация болады. Бірақ бізде әлі уақыт бар – келесі ойынға дейін сегіз күн бар. Қазір демалып, терең талдау жасауымыз керек. Алғашқы төрт турдағы барлық мәселелерімізді ескере отырып, келесі ойынға басымдық қайда болу керек екенін анықтауымыз қажет. Ротация болады. Бұл – кубоктық ойын, біз қонақта ойнаймыз. Бірақ біз бұл ойында жеңіске жетуді қалаймыз. Бұл жолдастық кездесу емес. Біз бұл матчқа дұрыс дайындалуымыз керек. Бұл қарсыласты жеңіп, келесі кезеңге өтуіміз қажет.
– Бірінші минуттардағы ойынға байланысты сұрақ. «Ордабасы» алаңға көбірек ниетпен шыққан сияқты. Сіздерде допқа иелік көп болды, бірақ алға ұмтылыс аз көрінді. Орталықта толық бақылау болмады. Екінші сұрақ: Назми Грипши – керемет футболшы, ол шептер арасындағы кеңістікті іздейді. Бірақ қорғаныста сәл әлсіздеу сияқты.
– Бірінші сұраққа келсек: бізде толық бақылау болды. Бірақ сіз айтқандай, орталық арқылы ойнау қиын болды, себебі қарсылас та бізді жақсы зерттеген. Олар өте тығыз, тар ойнады. Орталықта кеңістік болмады. Сондықтан біз фланг арқылы ойнауға тырыстық. Бірінші 20 минутта олар бір рет қарсы шабуылға шықты. Бірақ жалпы бұл позициялық ойын болды. Олар өз ойындарынан ауытқымады – төменге түсіп, тығыз қорғанды. Біз кеңістіктерді іздеп, артқа пас беру арқылы шабуылдадық. Бірнеше сәттер болды, бірақ олар бірінші таймның соңында пайда бола бастады. Бұл барлық командада қиын. Қорғаныс төмен, кеңістік аз – ойнау қиын.
Грипши туралы айтсақ: екінші таймда ол шаршай бастады, өйткені көп жұмыс істеді. Ол жеткілікті жүгірмей жатқанын көргенде, мен оған: «Сәл шыда, тағы аздап жұмыс істе, сосын ауыстырамыз», – дедім. Бірақ ол физикалық тұрғыда шыдамай қалды. Сондықтан оны ауыстыруға тура келді.
«Астана» футбол клубының бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ӘАҚ» АҚ
«Астана» футбол клубының серіктесі – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» КҚ