– Бірінші таймда бізде сәл басымдық болды, гол соқтық. Жалпы алғанда, тағы бір-екі сәт болған шығар, бірақ екінші таймда, ашығын айтсақ, «Тұран» бізден жақсырақ ойнады. Егер мен бірінші таймға көңілім толмады десем, екінші тайм – бұл мүлде сәтсіз болды. Біз ойын алдында өткен жиналыста инспектордың қатысуымен алаңның жай-күйі туралы айтқанбыз, шөп биік, алаң дұрыс суарылмайды деп ескерткенбіз, бірақ ештеңе өзгермеді. Біз бұған дайын болуымыз керек еді. Қарсылас қорғаныста терең отыратынын, бізге қысым көрсететінін білдік, бірақ, өкінішке қарай, мені жігіттер тыңдаған жоқ. Үзілісте жағымсыз әңгіме болды. Кейбір ойыншылар бұл матчтың қаншалықты қиын болатынын түсінбеді. Ауыстырулар арқылы бірдеңе өзгерткіміз келді, бірақ, өкінішке қарай, нәтиже болмады. Амановичтің орталықтағы ойыны маған мүлдем ұнамады. Грипши да өз деңгейінде ойнаған жоқ. Білмеймін, мүмкін, жігіттер өзара бәсекелестік жоқ деп ойлайтын болса, біз оны қолдан енгіземіз. Чинеду де алғы шепте дұрыс ойнамады. Яғни, мен атаған ойыншылар және басқалары өз деңгейінде ойнай алмады. Тек 2-3 футболшы ғана жақсы өнер көрсетті. Бұндай жағдайға жол беруге болмайды. Бүгінгі тең түскен есеп үшін жауапты өзім. Қалай команданың ойнайтынына, алаңға шығатынына мен жауап беремін. Мен үшін бұл маусымдағы ең нашар ойын. «Тұранға» келсек, осы тең түскен есеп пен бір ұпайға лайық болды.
– Төрешілер шешіміне не айтасыз?
– Мен төрешілік жайында пікір айтпаймын.
– Ал VAR жұмысына қатысты сұрақтар бар ма?
– Иә, сұрақтар бар. Пенальтиге қатысты шешімі күмән тудырады, бірақ ең бастысы – VAR жүйесінде «Астананың» ойындарына бір адамның екінші рет қатарынан тағайындалуы. «Оқжетпеске» қарсы ойында дәл осы адам Кәрімовке қатысты айып алаңындағы ереже бұзылғанын байқамады. Ал бүгін сол адам төреші белгілеген пенальтиді алып тастады. Бұдан басқа айтар сөзім жоқ.
«Астана» футбол клубының бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ӘАҚ» АҚ
«Астана» футбол клубының серіктесі – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» КҚ