– Назми, жеңіс құтты болсын! Алдымен ойын туралы айтып өтсеңіз.
– Көп рахмет! Бұл ойын біз үшін қиын болды, өйткені өткен турда Түркістанда маңызды екі ұпайдан айырылып қалған едік. Сондықтан бүгін матчта қалайда жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі орнымызды сақтап қалғымыз келді. Өздеріңіз көргендей, таблодағы есеп сәт сайын өзгеріп тұрды. Егер «Атырау» тағы бір гол соққанда, матч одан да қиынға түсер еді.
– Екінші таймда «Астана» қарқынын төмендетіп, ойындағы басымдықты қарсыласқа бергендей болды...
– Иә, мүмкін, сәл тәуекелге барған шығармыз. Мысалы, есеп 2:0 болғанда «Атырауды» бар күшімізді салмай-ақ жеңеміз деп ойлаған болуымыз мүмкін. Бірақ футболда бір ғана голмен шектелуге болмайды. Қарсылас кез келген мүмкіндікті пайдаланып кете алады. Әр гол командаға қосымша күш пен мотивация береді.
– Алда тағы да «Атырауға» қарсы матч тұр. Жиі ойын өткізу қиын емес пе?
– Ешқандай қиындығы жоқ деп ойлаймын. Өйткені біз – кәсіпқой футболшылармыз. Аптасына үш матч өткізуге дағдыланғанбыз. Бұл – футбол. Ойын бар жерде ойнау керек, сондықтан бізге қиын емес.
– Команданың және өзіңіздің мақсаттарыңыз қандай? Мүмкін, Албания құрамасында ойнағыңыз келетін шығар?
– Әрине, әр футболшы өз елінің құрамасында ойнағысы келеді. Бірақ қазір менің басты мақсатым – «Астанада» барымды салып, чемпиондық атақ пен кубокты жеңіп алу. Шілде айында УЕФА Конференция лигасында жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деп үміттенемін. Одан кейінгісін көре жатармыз.
– Сіздің ойыңызша, «Астана» Конференция лигасының топтық кезеңіне шыға ала ма?
– Бәрі мүмкін. Ол үшін әр кезеңге мұқият дайындалу қажет. Әрі қарай топтық кезеңге шығатынымыз немесе шықпайтынымыз белгілі болады. Сондықтан қазір нақты ештеңе айта алмаймын. Дегенмен, «Астана» өте мықты ұжым және біздің жақсы ойын көрсетуге толық мүмкіндігіміз бар.