kz

RU
KZ
Сапар Қарынбаев: Команданың құрамы шамамен 50%-ға жаңартылды, жас ойыншылар тіркелді, мақсат – ең жоғары орындар үшін күрес
"Астана Жас" командасының бас бапкері Сапар Қарынбаев клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында Екінші лигадағы маусым басталар алдындағы дайындық, құрамның жаңаруы және маусымдағы мақсаттар туралы айтып берді:
08 сәу 2025

- Дайындық ұзаққа созылды, біз дайындықты шамамен алты ай жүргіздік. Алдымен Астанада жаттықтық, содан кейін Шымкентте оқу-жаттығу жиыны өтті, соңғы кезең қайтадан елордада өтті. Барлық жоспарды орындадық, қажетті жұмыстардың бәрін атқардық, бірнеше бақылау матчын өткіздік. Маусымға толық дайынбыз.

- Маусым алдында құрам қаншалықты жаңарды? Командада 2007-2008 жылы туған ойыншылар көп. Олар Екінші лига деңгейіне дайын ба?

- Біз 2008 жылғы 4 ойыншыны және 2007 жылғы 6 ойыншыны тіркедік, осылайша құрам шамамен 50 пайызға жаңарды. Өткен жылғы құрамнан көптеген жігіт арендаға кетті, кейбіреулері басқа командаларға ауысты. Олардың орнына келген ойыншылар Екінші лигада бәсекеге түсуге дайын.

- Маусымашар ойыны өз алаңымызда "Қызылжарға" қарсы өтеді. Бұл матчқа және жалпы маусымға қандай мақсат қойылған?

- "Астана" секілді клуб үшін басқа мақсат болуы мүмкін емес – тек жоғары нәтижелерге ұмтылу. Сондықтан біздің де мақсатымыз – Екінші лигада ең жоғары орындар үшін күресу және әр матчта жеңіске жету. Бұл ойыншылардың дамуы үшін өте маңызды. Маусымға сеніммен қарап отырмыз, футболшылар жігерлі әрі маусымның басталуын асыға күтуде. Бірінші және Екінші лигада өнер көрсететін барлық командаларға сәттілік, маусымды тезірек бастап, сапалы футбол көрсетеді деп сенемін. Қазақстан футбол қауымдастығына табыс тілеймін.

«Астана» футбол клубының бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ӘАҚ» АҚ

«Астана» футбол клубының серіктесі – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» КҚ

Бас серіктес