kz

RU
EN
KZ
Саян Хамитжанов: «Басты міндет – клубтың инфрақұрылымын дамыту»
10 қаз 2023

Саян Жақсыгелдіұлы Хамитжанов ресми түрде «Астана» футбол клубының бас директоры қызметіне кірісті. Осы уақытқа дейін Саян Жақсыгелдіұлының басшылығы арқасында елордалық клуб Қазақстан чемпионатында бірнеше рет алтын жүлдегер атанып, сонымен қатар УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығып, Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне өткен болатын.

Клубтың ресми сайтына берген сұхбатында Саян Хамитжанов елордалық клубтың жетекшісі ретіндегі міндеттеріне тоқталды:


«Біріншіден, клубтың құрылтайшыларына маған артқан сенімі үшін алғыс білдіргім келеді, бар күшімді салып, ақтауға тырысамын. Құрылтайшылармен келісім бойынша мен басшы ретіндегі міндетімді ақысыз негізде атқарамын, өйткені футбол менің өмірдегі ең басты хоббиім.

Бұл менің клуб басшылығына бірінші рет келуім емес екенін ескерсек, баса назар аударып, оң өзгерістерді қажет ететін салаларды жақсы білемін. Осыған орай, менің жұмысымдағы басты басымдық – клубтың инфрақұрылымын сапалы түрде жақсарту, ол дегеніміз алдағы үш жылда клубты футбол академиясымен және негізгі құрамға арналған спорттық базамен қамтамасыз ету. Әрине, қомақты қаржы инвестицияларынсыз аталған тапсырманы шешу мүмкін емес, сондықтан бұл жобаларды Асхат Сейсембек басқаратын «Sport Qory» қорымен және Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігімен тығыз ынтымақтастықта жүзеге асыру жоспарда бар. Өздеріңізге белгілі, қазіргі уақытта министрлікті тәжірибелі қызметкер Маржықпаев Ермек Боранбайұлы басқарады, ол кезінде белгілі кәсіпқой спортшы болған, спорттың барлық қыр-сырын, оның ішінде жоғары сапалы футбол инфрақұрылымының толықтай дерлік жоқтығын жетік біледі.

Әрине, өз инфрақұрылымымызды құру үшін мемлекет тарапынан қосымша қаржыландыру қажет, бірақ өз кезегінде, кез келген жағдайда, қандай мәселе болмасын, біз алдағы үш жылда бұл жобаларды жүзеге асыратынымызды сенімді түрде айтқым келеді. Бізде футбол академиясы мен спорт базасы болады! «Астана» футбол клубы отандық футболдың флагманы бола отырып, барлық еуропалық стандарттарға сәйкес келетін жеке инфрақұрылымы болуына әбден лайықты».

«Астана» футбол клубының бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ӘАҚ» АҚ

«Астана» футбол клубының серіктесі –  «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» КҚ

Бас серіктес