«Астаналық» вингер Тигран Барсегян елорда клубынан кетіп, братиславалық «Слована» клубы құрамында алаңға шығатын болады.
Клубтың баспасөз қызметіне берген соңғы сұхбатында Тигран Нұр-Сұлтан қаласындағы ең әсерлі сәттерімен, командамен бірге өткізген үздік ойындар мен ерекше естеліктерімен бөлісті.
– Тигран, «Астана» құрамында екі жыл ойнадың. Клуб сапында өткізген екі маусымға қандай баға бересің?
– Мен үшін осы екі жыл жақсы өтті. Осы маусымда да біз жақсы ойнадық, тыңғылықты дайындалдық және алаңда әдемі ойын көрсете білдік.
«Сабақты ине сәтімен» дегендей, мансабымдағы осы екі жыл жақсы өтті, «Астана» құрамында алаңға шыққаныма қуаныштымын. Себеі мен үшін бұл клубтың орны ерекше, Нұр-Сұлтан қаласы, клуб, футболшылар, қызметкерлер – бәрі жаныма жақын. Клубқа келген сәттен бастап өзімді жайлы сезіндім, «Астанада» сапында ойнау мен үшін өте оңай болды.
– «Астана» құрамында жүргенде есте қалған ең керемет сәттер қандай? Мүмкін қарсыластар қақпасына гол соққан сәттер, кездесулер?
– Жалпы осы маусым толығымен есте қаларлықтай өтті. Алаңда жақсы ойын көрсете білдік, жеңіске жету үшін барымызды салдық. Әрине, сәтті пастар мен голдар футболшының есінде қалары сөзсіз. Бастысы, «Астана» құрамында болғаным – мен үшін мақтаныш! Бұл өмірім мен мансабымдағы маңызды қадам болды.
Клубтың арқасында Қазақстанда керемет достар таптым. Бізге алаңда да, өмірде де әрі бапкер, әрі дос, әрі аға бола білген Андрей Валерьевич бастаған мықты бапкерлер құрамы болды. Маған түсіністік танытып, сабырын серік еткен, қолдау көрсеткен әкімшілер, массаж жасаушылар мен дәрігерлерге алғыс айтамын (күлді). Біздің әр басқан қадамымызды видео-суретке түсіріп, жақсы жұмыс атқарған баспасөз қызметіне рахмет! Сарапшы бапкеріміз Заур Нозадзеге мың алғыс, ол болмаса біз сараптамадан құр қалар едік (күлді). Заурдың арқасында қарсыластың мықты және әлсіз тұстарын білетінбіз.
– Біздің жанкүйерлердің өзіңе деген ықыласы ерекше. Оларға деген бір ауыз сөзің.
– Сөзіңіздің жаны бар. «Астанаға» келмей жатып-ақ олардың маған деген көңілі мен ыстық ықыласын сездім. Содан шығар «Астана» клубы өз үйімдей болды. Қандай ауа-райы болмасын, бізге қолдау көрсетіп, ойынды тамашалауға келетін жанкүйерлер мен қала тұрғындарына алғыс білдіремін. Кей сәттерде үкілеген үмітін ақтай алмай қалғанымыз үшін кешірім сұраймын. Футболда бәрі де мүмкін. Не болса да, өмір жалғаса береді. Бәрінізге ризамын! Рахмет, «Астана»! Рахмет, Қазақстан!
Елге қайта оралып, әлі талай соғатыныма сенімдімін. Қазақстанда жақын достарым бар, елордамен, қазақ елімен байланысты ерекше естеліктер бар. Әлі талай жолығамыз, сол себепті қоштаспаймын. Жақсы күндерде кездескенше!
«Астана» футбол клубының бас серіктесі «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ