kz

RU
KZ
Андрей Тихонов: «Астана» - мен үшін өте маңызды сынақ»
Бүгін «Астана» футболшыларына жаңа бас бапкер, ресейлік маман Андрей Тихонов таныстырылды. Ресми таныстырылымнан кейін Андрей Валерьевич өзінің мақсаты туралы айтты:
16 қаз 2020

- Маған клуб басшылығы хабарласып, осындай нұсқа барын айтты. Бірақ, шешімді тез арада қабылдау қажет болды. Мен осыған дейін өз алдына тек жоғары мақсат қоятын командаға барамын деп айтатын едім. «Астана» дәл осындай жоғары міндеттер жүктейтін ұжымның бірі. Бұл мен үшін үлкен сынақ, маған сенім артқаны үшін клуб басшылығына алғыс білдіремін! «Астана» дәл қазір жақсы жағдайда болмауы мүмкін, оған қоса турнирлік кестеде де өзіне лайықты орында тұрған жоқ. Дегенмен, командадан жоғары нәтижеге жету жоспарын ешкім де алып тастаған жоқ, сонысымен де жұмыс істеу қызықты болмақ.

- Сіз осы клубтың құрамында ойнадыңыз, алғашқы капитан болдыңыз, енді бас бапкер ретінде оралдыңыз. Қандай әсердесіз?
- Әрине, 2009 жылдан бері таныс бірнеше адамды кездестіргеніме қуаныштымын. «Астанаға» оралғаным өте жақсы, біз сол жылы жақсы ойнадық, чемпионат үшін күресте «Ақтөбеге» бәсекелестік жасадық. Қазір ойындардың барлығы бір жерде өтуде, бірақ ең бастысы, эпидемиологиялық жағдай маусымды қалыпты дәрежеде аяқтауға мүмкіндік берсе болғаны.

- 2009 жылы дәл осы клубқа жаттықтырушы болып келемін деп ойлап па едіңіз?
- Жаттықтырушының оқуын оқып, лицензия алғаннан кейін, іште әртүрлі ойлар болады. Мысалға, Беларусь немесе Қазақстан сияқты елдерде бапкер ретінде қызмет атқарып, өз күшіңді сынаған өте қызық. Бұл бапкер үшін қалыпты жағдай. Егер жоғары міндеттер қоятын клубтан ұсыныс болса, бұл жаттықтырушы үшін жаңа сынақ, әрі өз мансабы үшін жақсы дүние.

- Команданың орындауында қандай футболды көргіңіз келеді және осындай қысқа мерзімде бір нәрсені өзгерту қаншалықты мүмкін?
- Әрине, қысқа мерзім ішінде ғаламдық өзгеріс жасау өте қиын. Бізде ойынға дейін бес күн уақыт бар, ойыншылар әртүрлі жағдайда. Команданы бірдей деңгейге келтіру қиын болмақ. Себебі, «Астана» сапында өз құрамаларына шақырту алған футболшылар өте көп, оған қоса біреуі көп ойнаса, екіншісі аз ойнады, сондай-ақ, жарақат алғандары бар. Сондықтан, жағдай оңай емес. Бірақ, мен «Астана» сапында деңгейі өте жоғары ойыншылар жинақталғанын жақсы білемін.

- Бүгін Сізде мерейтой – 50 жас. Сыйлыққа ризасыз ба?
- Бір тәулікке жуық ұйықтамағанымды есепке алмасақ, ризамын! Құттықтауыңызға көп рахмет!

- Сіздің ойыңызша, қазір чемпиондық жарысқа оралу қаншалықты мүмкін болмақ?
- Барлығы тек бізге, алғашқы екі-үш ойыннан қалай өтетінімізге байланысты. Алда әлі 8 тур бар, барлық бәсекелестермен бетпе-бет кездесеміз, сондықтан барлығы өз қолымызда.

Бас серіктес