«Астананың» қаптал қорғаушысы Антонио Рукавина – Қазақстан чемпионатында өнер көрсеткен ең тәжірибелі футболшылардың бірі. 2021 жылғы маусымның қорытындысы бойынша Тони футболшы мансабын елордалық клуб сапында аяқтау жайлы шешім қабылдады.
Клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында ол жанкүйерлердің «Астана-Арена» стадионында өткізген перфомансы, Қазақстандағы үш жарым жылдағы басты естеліктері және командамен бірге болған жарқын сәттері туралы айтып берді.
– Тони, «Қайратқа» қарсы өткен матчта жанкүйерлер сіздің құрметіңізге үлкен баннер ұйымдастырды. Сол баннерді көргенде қандай сезімде болдыңыз?
– Әрине, мен оны күткен жоқпын! Себебі мен легионермін және «Астана» сапында үш жарым жыл ғана өнер көрсеттім, бірақ маған бұл өте ұнады. Мен бұл адамдарды жақсы көремін және оларды бағалаймын бұл баннерді көргенде қатты қуандым. Бұл көрініс өмір бойы көз алдыма елестейтініне мен әбден сенімдімін. Бұл жан тербетерлік сәт, және маған қазір сөз табу қиын. Жанкүйерлердің бұл ишараты – мен үшін ерекше нәрсе болды.
– «Астанадағы» сенің келісім-шартың аяқталуға жақын, сен мансабыңды біздің клубта аяқтағың келетінін айтқан болатынсың. Қазақстанда, қалада және жалпы клубта өткізген бұл 3,5 жылынды қалай бағалар едің? Қандай сәттер мен матчтар әсіресе есте қалды?
– Қазір клуб бұрынғыдай деңгейде деп айтуға келмес, біз чемпионатты ұта алмадық, бірақ мен «Астана» өз күшін тез қалпына келтіреді дегенге кәміл сенемін. Клубқа тек сәттілік тілеймін.
Мен «Астанамен» екі Суперкубоктың иегері, чемпион атандым, Еуропа Лигасының топтық кезеңінде екі рет өнер көрсеттім – осы жерде өткізген уақытыма өте қуаныштымын. Қазақстанда мен өзімді үйдегідей сезіндім, өзімді легионер сияқты сезінбедім. Клубта менімен бірге жұмыс істеген адамдарға көп рақмет, ойыншыларға мың да бір алғыс.
Менің есімде қаларлық ең маңызды матч, әрине, бұл «Манчестер Юнайтед» сияқты әйгілі команданы үй алаңында ұтып тарихи жеңіске қол жеткізген ойнымыз. Мен үшін бұл матч әрқашан жүрегімде сақталады. Ол ойынды әрдайым қайта қарайтын боламын, және сол соғылған гол менің мансабымдағы ең маңызды гол болып табылады!
– «Астана» жанкүйерлері үшін сен клубтың нағыз аңызына айналдың. Сен оларға не айтқын келер еді?
– Иә, жанкүйерлер мені клубтың аңызы деп атайды – сол үшін оларға көптен-көп рақмет! Мен клуб үшін ойынға әрқашан бар жан тәнімді салатынмын. Әрине, менде жақсы мансап болды, бірақ әр жаңа клуб – бұл мансаптың жаңа бастауы және менің қайда ойнағанымды қараудың қажеті жоқ. Деңгейді әрқашан алаңда көрсету керек, және мен оны осы жерде көрсеттім деп үміттенемін. Және мен жанкүйерлердің бұл баннерін көргенде өте қуандым. Бұл олардың маған деген сүйіспеншіліктерін білдіреді ғой, мен де оларды өте қатты жақсы көремін. Бұл үшін, «аңыз» деген сөздері үшін үлкен рақмет мен «Астанада» ойнап клуб тарихына енген көптеген ойыншыларды білемін және осы ойыншылармен бір қатарда болу мен үшін өте маңызды.
Жанкүйерлерге клубпен бірге бақытты болуды тілеймін. Олардың «Астанамен» чемпиондық медальдарды көптеп көргенін қалаймын. Жанкүйерлер әрдайым бізге ыстық қолдау көрсетті және олар клубтың қазығы. Рахмет, Қазақстан! Рахмет, «Астана»!
«Астана» футбол клубының бас серіктесі «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ