Осыдан тура 9 жыл бұрын, яғни 2011 жылдың 19 маусым күні «Астана» футболшылары «Қайратты» 6:1 есебімен тас-талқан етті. Бұл жеңіс әлі күнге дейін клуб тарихындағы алматылық командаға қарсы кездесулердегі ең ірі жеңіс болып есептеледі.
Сол жылы, нақтырақ айтсақ 2011 жылдың маусым айында екі команданы да шетелдік мамандар жаттықтырды. Елорда командасы тізгінінде неміс Фольгер Фах болса, алматылық ұжымды ағылшындық Джон Грегори баптады.
«Астана Арена» спорт кешенінде өткен ойында Драган Богавац, Ұлан Қонысбаев, Нұрбол Жұмасқалиев және Марк Гурман бір голдан соқса, Игорь Бугаев дубль авторы атанған еді. Қонақтар сапындағы жалғыз голды Сергей Струков өз еншісіне жазды.
Екі команда өзара 39 матч өткізсе, оның 18-де «Астана» жеңіске жетіп, 10 ойын тең аяқталып, 11 кездесуде алматылық ұжым басым түскен. Доп айырмашылығы 56-46, елорда командасының пайдасына.