kz

RU
KZ
Григорий Бабаян «Ворскламен» 0:0 есеп жайында: «Ойыншыларға көп жүк түскені әрі шаршағандық бар»
«Астананың» бас бапкері Григорий Бабаян украиналық «Ворскламен» өткен жолдастық кездесуді қорытындылады.
08 ақп 2023

— Бүгін қарсылас бізге қарағанда сергек, жылдам және басымдау болды, құлшынысы жоғары болды. Бәлкім, осы кезде олардың дайындығының жақсырақ болғандығынан шығар, ал өз командамның ойыны маған мүлдем ұнамады. Ойыншыларға көп жүк артылғаны және шаршағандық бар екенін түсінемін, бірақ қалай болғанда да, мен жігіттерге ештеңеге қарамастан, бапкерлік штабтың қойған талаптарын орындау керектігін айттым.

Сондай-ақ бүгін қорғаныста жинақылық, ұйымшылдық болған жоқ және болмашы жағдайларда қателік көп болды. Бұл кезеңде жүктемеге қарамастан ойнай білу, тепе-теңдікті және тәртіпті сақтау өте маңызды. Өкініштісі сол, бүгін олай болмады, бірақ әлі де уақыт бар. Алдағы ойындар бұдан да қиын болады, ойыншылар тезірек бейімделуі керек, өз міндеттемелерін орындауы керек. Сонда ғана дамып, алға сенімді қадам жасайтын боламыз.

— Бүгін алаңға Саламат Жұмабеков алғашқы минутардан шықса, екінші таймда қатарға Руслан Киргетов қосылды. Сізге жас футболшылардың ойыны, жалпы Түркиядағы оқу-жаттығу жиынындағы өнері ұнады ма?

— Олар өте жас ойыншылар. Оларға талмай көп жұмыс жасау керек, ал командаға ойыншылар жетіспейді: өкінішке қарай Педро Эуженио мен Килан Лебон қатарымыздан кетті, ал бізге шабуылшылар өте қажет, сондықтан біз ойыншыларды өз позицияларынан тыс ойнатып жатырмыз. Мысалы, Жұмабеков әдетте орталық аймақта көбірек ойнайды, адам жетіспегендіктен біз оны осы позицияға қойдық. Бізге құрамды күшейту керек, командада бәсекелестік тудырып, үлкен мақсаттарға жету үшін кем дегенде тағы 3-4 жаңа ойыншы керек.

«Астана» футбол клубының бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ӘАҚ» АҚ

«Астана» футбол клубының серіктесі –  «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» КҚ

Бас серіктес