“Астана” футбол клубының қақпашысы Ненад Эрич Sputnik Қазақстан тілшісіне арнайы сұхбат беріп, клубтың ішкі біріншілікке және еурокубоктерге қандай мақсат қоятынын, сондай-ақ Непогодовпен арадағы бәсекелестік, Михал Билектің жұмысы туралы өз ойымен бөлісті:
- Ненад, “Астананың” Чемпиондар Лигасындағы алғашқы қарсыласы туралы айта кетсеңіз?
- "Динамо-Брест" - өте мықты қарсылас. Олардың еурокубоктердегі тәжірибесінің аздығына қарамастан, оларды бағаламауға болмайды. Олар қазіргі Беларусь чемпионы және соңғы жылдардағы мықты клубтардың бірі. Сонымен қатар, олардың ойын тонусының артықшылығы бар, өйткені оларда чемпионат қызу жүріп жатыр, біз наурыздан бастап ресми кездесу өткізген жоқпыз. Алайда, біз олардың күшті жақтарын теңестіруге тырысып және осындай қиын уақытта жанкүйерлерімізді жеңіспен қуанту үшін барымызды салатын боламыз.
- Команда бес ай бойында ресми ойын өткізбегенін ескеретін болсақ, Сіздердің жетістікке жету мүмкіндіктеріңіз қандай?
- Әрқашан мүмкіндік бар. Ресми кездесулердің болмауына қарамастан, біз нәтиже әкеле алатын футбол үлгісін көрсетуге тырысамыз.
- Пандемия жағдайында футболшыға қаншалықты қиын? Сіз алғаш рет бес ай бойы ресми ойын өткізбеген боларсыз?
- Әрине, бұл өте қиын. Дегенмен, бүкіл әлем осындай жағдайға тап болды. Бірақ, кейбіреуінде карантин ерте аяқталса, тағы бірінде әлі де жалғасуда. Бізге негізінен физикалық жағынан емес, моральдық тұрғыда қиын, өйткені ешқандай жаттығу ресми матчтарды алмастырмайды және бәрі ойындарды сағынды.
- Сізге капитан ретінде сұрақ: команданың көңіл-күйі қалай? Ұзақ уақыт бойы отбасын көрмеген, үйлеріне ұшып баруға мүмкіндіктері болмай жатқан легионерлерге қаншалықты қиын?
- Клуб бізге еліміздегі карантин жағдайы жеңілдетілген сәтте үйімізге барып қайтуға мүмкіндік берді. Бұл өте маңызды болды. Себебі, оқу-жаттығу жиындарын қоса есептегенде біз отбасымызды жарты жылдай көрген жоқпыз, ал ол өте қиын. Алдағы уақытта бәрі қалыпқа келіп, біз барлығымыз өз отбасымызбен қауышамыз деген үміттемін.
- Команданың Алматыға ауысуын қалай қабылдадыңыз? Жаңа орында жаттығу жасаған қаншалықты ыңғайлы?
- Өкінішке қарай, “Астана Аренадағы” жөндеу жұмыстарының әлі де аяқталмауына байланысты, Нұр-Сұлтан жаттығу жұмыстарын жасау тұрғысында қиындықтар туындады. Сондықтан, клуб басшылығы команданың үздіксіз жаттығу процесі болуы үшін Алматыға уақытша көшу туралы шешім қабылдады. Бұл өте маңызды, өйткені алда Чемпиондар Лигасындағы жауапты матчтар, және, әрине, біздің алдымызда өте жоғары міндеттер жүктелген Қазақстан чемпионатының қайта жалғасатын кезеңі бар.
- Сізге жаңа бас бапкер Михал Билекпен жұмыс істеген ыңғайлы ма?
- Әр бапкердің жаттығу процесі мен ойын құру туралы өзіндік көзқарасы бар. Біз Билектің Қазақстан құрамасында жұмыс істегенін көрдік, сондықтан бейімделу өте тез өтті.
- Дмитрий Непогодовпен қандай қарым-қатынасыңыз қалай? Ол командаға келгенде уайымдамадыңыз ба?
Сырт көзге қарағанда, ол ұлттық құраманың қақпашысы ретінде, “Астана” сапында бірінші нөмірді иеленетіндей көрінген еді?
- Бәсекелестік кез келген футболшы үшін өте жақсы. Дмитрий - өте мықты қақпашы, бірақ “Астанада” әрдайым бәсекелестік болды. Менің міндетім — күн сайын жаттығу жұмыстарын жасап, еңбектену. Ал әрі қарай кім мықты болса, сол ойнайтын болады.
- Сіз өз мансабыңызды “Астана” сапында аяқтағыңыз келетінін бірнеше рет айтқан болатынсыз. Қазақстанда әрі қарай өмір сүруге қалар ма едіңіз?
- Әрине, мен “Астана” сапында мансабымды аяқтағым келетінін бірнеше рет қайталап айттым. Себебі, бұл клуб маған өте көп жақсылық жасады, тіпті менің екінші үйім сияқты. Алайда, менің қазіргі уақытта моральдық және физикалық тұрғыда әлі де ойнауға қауқарым жеткілікті. Командаға көмегімді тигізе алатынымды сезінемін. Ал әлі қанша уақыт ойнайтынымды уақыт көрсетеді. Менің күш-қуатым жеткілікті. Ал Қазақстанға келер болсақ, мен мұнда өзімді өте жақсы сезінемін, бірақ мансабымды аяқтағаннан кейін қайта тұратынымды дөп басып айта алмаймын.
- Осы жылы басқа жылдармен салыстырғанда чемпиондық титулды қорғап қалу өте қиын болатын секілді. Команданың еурокубоктерге және ішкі біріншілікке қойған мақсаты қандай?
- Шынында да, карантиннің ұзаққа созылуына байланысты биылғы чемпионат бұрынғыға қарағанда қысқа болады және бізге қателікке бой алдыруға мүлде болмайды. Дегенмен, біздің клубтың алдында жоғары міндеттер тұр, ол чемпионатта топ жарып және еурокубоктердің топтық кезеңіне шығу.
- Енді біздің дәстүлі блицке келіп жеттік. Бала кездегі кумиріңіз кім болды? Қай қақпашыны үлгі тұтасыз?
- Менде нақты бір кумир болды дей алмаймын. Маған кейбір қақпашылардың ойыны ұнайтын. Олардың қатарында Франческо Тольдо мен Джанлуиджи Буффон бар.
- Сүйікті бес фильміңізді атап өтсеңіз.
- "Гладиатор", "Идентификация Борна", "Гнев", "11 друзей Оушена" және "Перевозчик".
- Сұхбатыңызға көп рахмет!