– Кездесуде жеңіске жеткенімізге қуаныштымыз. Менің ойымша, матчтың нәтижесі жақсы болғанымен, ойын сапасының көрсеткіші емес. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, кейбір ойыншыларсыз алаңға шыққан «Ақжайық» командасына мақтау айтқым келеді, соңғы кезде жақсы деңгей көрсетіп жүр, бұл тікелей әріптесімнің еңбегі.
Біз бүгін мен қалағандай ойын көрсете алмадық, оның ауылы алыс. Өз деңгейімізден төмен ойнадық, ал «Ақжайықтың» деңгейі артқан. Соңында 4:0 есебімен жеңдік, ең бастысы осы, бірақ өзімізді алдаудың қажеті жоқ. Командамның ойыншылары жеңіске жету үшін әлдеқайда жақсы ойын көрсету керектігін біледі.
– Бүгін команда ірі есеппен жеңіске жетті, бірақ команданың ойыны көңілден шықпады. Неліктен «Астана» бұрынғыдай соңғы матчтарда допты өз бақылауында ұстай алмайды?
– Бүгін біз матчты толық өз бақылауымызда ұстай алмадық, бірақ алдыңғы ойындарда дәл солай болды деп те айта алмаймын: «Мақтааралға» қарсы матчта допқа иелік еттік, бірақ мүмкіндігімізді пайдаланбадық. «Таразға» қарсы ойында үстемдігімізді көрсеттік, бірақ бүгінгі ойын бізден талап ететін деңгейде болмағанымен келісемін.
– «Астана» үш орталық қорғаушыдан тұратын схемаға ауысқаннан кейін үш гол соқты. Бұл мақсатты түрде қабылданған шешім бе, әлде кездейсоқтық па?
– Мен бұл пікірмен келіспеймін. Біздің жолымыз болды (күліп).
– Бірақ жоспарда қорғанысты күшейту болды ма?
– Иә, қателіктердің көп екенін байқадым, бір жерде сенімділікті жоғалтып алғандай болдық. Қарсыласқа құрмет көрсеткім келеді. Қорғаныста мықтырақ болғымыз келді, бірақ «Ақжайық» ашылып, гол соғатын мүмкіндіктер болды.
– Марин Томасов бүгін соңғы 7 матчтағы бірінші голын соқты, ол екі айдан бері есеп аша алмаған еді. Оның ойыны әлсіреп қалды ма, әлде жай жолы болмады ма?
– Мен Мариннің қалай тырысып бағатынына және қаншалықты күш жұмсайтынына ризамын. Бұл гол – сол еңбектің жемісі. Марин футболдың мына түрін ойнайды: өзіне көп жүктеме алады, әр кезде түрлі сәттерді шешуге тырысады. Бұл кейде оған жұмыс істейді, кейде жұмыс істемейді – Марин осындай ойыншы. Түптеп келгенде осы уақытқа дейін болған нәтижесін қайталайды деп сенеміз.
– Бүгін Александр Заруцкий тамаша ойын көрсетті. Сіз оны матчтың үздік ойыншысы деп атай аласыз ба?
– Иә, оның ойынына ризамын.
– Оның Қазақстан құрамасына шақырылғанын қалайсыз ба?
– Мен тікелей әсер ете алмайтын жайттар жайында пікір айтпауға тырысамын. Бұл менің ұлттық құраманың бас бапкеріне деген құрметім. Егер Заруцкий ұлттық құрамаға көмектесе алады деп сенім артса, мен тек қуанамын.
– «Астананың» ірі жеңістерінен кейін әдетте нашар нәтижелер болып жатады. Ойыншыларға босаңсуға болмайтынын ескертесіз бе?
– Әрине, мен жігіттермен әрқашан тура сөйлесемін. Әр матчта жақсы және жаман сәттер болады. Есепке қарамаймыз, әрқашан осы сәттерді талдаймыз. Олар менің үзіліс кезінде осы жайтты айтқанымды біледі. Олар матчтың қалай өткенін жақсы біледі, біз 4:0 есебімен жеңдік, алайда бәріміз мұқият ойлануымыз керек. Егер біз жеңіске қол жеткізгіміз келсе, жақсырақ өнер көрсетуіміз керек. Бүгін жеңгенімізге шүкіршілік айтамыз.
– Абат Айымбетов бүгін алаңға оралды. Көгалдың сапасын ескере отырып, оны Ақтаудағы алаңға шығармай, «Тобылмен» өтетін кездесуге дайындау турасында ойландыңыз ба?
– Шынымды айтсам, бүгін Абатқа көбірек уақыт бергім келді. Оған ойын тәжірибесі керек, құраммен бірге бір апта ғана жаттықты. Алаң жағдайына келсек, бәрі бір-біріне ұқсайды. Негізінде, оны маңызды ойындарға сақтауды ойлаудың қажеті жоқ, оның орнына ойнайтын жігіттер бар, демек бәсеке де бар. Келешекте қанша уақыт ойнайтынын көре жатармыз.
– Сізге Денис Поляковтың ойыны қалай? Бүгін «Астана» сапындағы алғашқы голын соқты.
– Иә, ол әдемі гол соқты. Біз мұны жаттығу кезінде тәжірибеден өткіздік. Бірақ маған салсаңыз, Поляков және қалған ойыншылар бүгінгіден жоғары деңгейде өнер көрсетуі керек. Өз-өзімізді алдаудың қажеті жоқ.
«Астана» футбол клубының бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ӘАҚ» АҚ
«Астана» футбол клубының серіктесі – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» КҚ